National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік экономикалық форумның қатысушыларына бейнеүндеу жасады

2022 жылғы 24 мамыр

Осы күндері Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырған дөңгелек үстел қатысушыларына бейнеүндеу жолдады. 

Мемлекет басшысы өз үндеуінде әлемдік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, COVID-19 пандемиясына қатысты жағдай мен Украинадағы оқиғалар әлемдік экономиканың бөлшектенуіне түрткі болды. Бұл Еуразия құрлығында жаңа геосаяси сынаққа алып келді. 

Президент пандемияға қарсы күрес аясында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге, шағын және орта бизнесті, инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға қатысты мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы айтты. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев форумның қатысушыларына елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформалар жөнінде, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін алдағы республикалық референдумға дайындық барысы туралы жан-жақты мәлімет берді. 

Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік және корпоративтік басқару (ESG) салаларындағы мақсаттарды жүзеге асыруға Қазақстанның бейілді екенін атап өтті. 

Президент еліміздің әлемдік нарықтарға тауарларды, шикізатты және ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз жеткізу ісін қамтамасыз етуде сенімді серіктес болып қала беретінін мәлімдеді. 

«Жасыл» экономиканы дамыту, энергетиканың тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия секторын өркендету біздің Көміртегін төмендету жөніндегі стратегиямыздың басымдықтары саналады.  Бұл 2060 жылға қарай қалдықтарды мүлде жоюға оңтайлы жол ашады», – деді Қазақстан Президенті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Қазақстанның адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы халықаралық міндеттемелер мен қағидаттарға адал екенін атап өтті. 

Дөңгелек үстелге ірі жаһандық инвестициялық компаниялардың, коммерциялық емес сектордың және халықаралық БАҚ өкілдері қатысты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің