National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Алматыдағы «Универсиада – 2017» нысандарының дайындық барысымен және «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты жобасымен танысу

2014 жылғы 01 қаңтар

 

Бүгін Мемлекет басшысына барлық маусымға арналған «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын дамыту тұжырымдамасы таныстырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Жаңа жылмен тағы да құттықтап, көзделген барлық жоспарлардың табысты іске асырылуына тілектестігін білдірді. Мемлекет басшысы Алматы облысы және жалпы республика үшін туризм индустриясының маңыздылығын атап өтті.    

– Бүгін мен тау туризмін дамыту саласындағы әлемнің көрнекті мамандарының ұсыныстарын қарап шықтым. Қазірдің өзінде Шымбұлақ тау шаңғысы кешені мыңдаған қазақстандықтың саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Жаңа тау шаңғысы курортының жобасы бүкіл еліміз үшін маңызды болып саналады. Алматыда және облыста туризмді дамыту 100 мыңға жуық қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қаланың қарқынды дамуы тауларымызды ұтымды пайдалануға байланысты болмақ. Еуропаның көптеген елінде адамдар кішкентайынан спорттың қысқы түрімен айналысады. Тау шаңғысы курортына баратын турист жылы және теңізі бар елдерге  баратын туристерге қарағанда 6 есе көп кіріс әкеледі. Егер біз осы бағыттағы туристік саланы дамытатын болсақ, онда мыңдаған жұмыс орнын ашып, көп мөлшерде, соның ішінде табиғат қорғау саласына инвестицияны көбірек тартатын боламыз. Тек Шымбұлақ кешені ғана емес, облыстағы басқа да орындар пайдаланылатын болады және бұл ретте табиғат өз көрік-келбетін сақтап қала береді, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысында тау шаңғысы курорты жобаларын іске асырудың нәтижесінде оның қазақстандықтар демалатын және бүкіл әлем туристері баратын танымал көпшілік орынға айналатынын атап өтті.                   

Бұған қоса, Мемлекет басшысына мұз айдыны мен Атлетикалық қалашықтың макеттерімен қоса, «Универсиада – 2017» болашақ инфрақұрылымының бірқатар жобалық нысандары таныстырылды.

Универсиадаға дайындық жөнінде баяндама жасаған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов екі нысанның – 3000 және 12000 көрерменге арналған мұз айдыны құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталғаны туралы хабардар етті. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 439,9 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірлемелері жасалып жатыр. Ал 5 000 орынға арналған Атлетикалық қалашықтың техникалық-экономикалық негіздемесінің жобасы әзірлену үстінде.

Алматы қаласының әкімі бұл нысандардың құрылыс-монтаж жұмысының басталуы 2014 жылдың бірінші тоқсанына, ал аяқталуы 2016 жылдың шілдесіне жоспарланғанын атап өтті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің